• Басты бет
  • Қоғам
  • Павлодарда М.Жұмабаев көшесіндегі 3 көпқабатты үйде ыстық су мәселесі шешімін табар емес

Павлодарда М.Жұмабаев көшесіндегі 3 көпқабатты үйде ыстық су мәселесі шешімін табар емес

Ыстық су мәселесі демалыс күндері пайда болды. Пәтер иелері бірден жергілікті ПИК-ке хабарласып, соңғылары басқа инстанцияларға хабар берген. Коммуналшылар, жылу желілері және су алпауытының өкілдері коммисиялық тексеріс жүргізіп, нәтижесінде қайнақ судың қысымы жоқ екендігі анықталды.

 

- Өткен сенбі күннен бері үйімізді ыстық су жоқ. Барлық инстанциялар мәселені бір-біріне сілтейді. Ешкім нақты мәселе қайдан пайда болғаннан айтпайды. ПИК маған құбырларды ауыстыр деді. Мен ауыстырдым. Мәселе шешімін таппады. 80 мың теңге жұмсадым. Бір аптаға жуық ыстық сусыз отырмыз. Көмекті кімнен сұрайтынымызды білмейміз,-дейді Мағжан Жұмабаев көшесіндегі №4-үйдің тұрғыны Нина Яковлева.

 

-ПИК-ке хабарласамыз олар жылу желілеріне сілтейді. Соңғылары водоканалға хабарласыңыз дейді. Берілетін судың қысымы жоғары қабаттарға жетпейді. Ыстық судың орнына шүмектен суық су ағады. Осыған байланысты үйдегі тұрмыстық жағдайымыз қиындай түсті,-деп мәлім етті көпқабаттының өзге тұрғыны Айжан Ерсайын.

 

Қазір аталмыш мәселемен жылу желілері айналысуда. Орталық жылу торабының ысырмаларын тазартып, қысымды көтеруде.

 

- Мағжан Жұмабаев көшесіндегі 4, 6, 8 мекенжайындағы қайнақ судың жоқтығы мәселесі көршілес жеке сектор үйлері сорғы құралдарын қолданудан пайда болуы мүмкін. Қазіргі уақытта желідегі қысымды анықтау үшін №58 орталық жылу бекеті ажыратылды,-деп мәлімдеді энергетикалық компанияның қоғаммен байланыс бөлімінің жетекші маманы Роман Гончаренко.

 

Аталмыш орталық жылу торабының тексерісі аяқталғаннан кейін оны қайтадан іске қосады. Бүгін кешкі уақытқа дейін қысымды көтеруге тырысады.