Павлодарда мектеп жәрмеңкесі қашан болады?

Павлодарда республикалық «Мектепке жол» акциясы бастау алды. Ол қыркүйек айының соңына дейін жалғасын табады. Шара барысында бірнеше жобалар іске асырылмақ.

Дәстүрлі республикалық «Мектепке жол» акциясы 1 тамыздан 30 қыркүйекке дейін жалғасын табады. Бүгінде көмекке мұқтаж балалардың санатын анықтау жұмыстары жүргізіліп, мәліметтер базасы жасалған. Жалпы облыс бойынша 10 мыңға жуық балаға қаржылай көмек көрсетілмек.


- Осы акция аясында бірқатар іс-шаралар өткізіледі, бұл рейдтік, әртүрлі акциялар, мәселен бірінші сыныпқа бірінші рет, сонымен қатар, ауыл балаларына мектепке деген сыйлықтар, - дейді Павлодар облысы білім басқармасының бас маманы Жанар Сматаева.


Мәселен, №16 ЖОББМ аталмыш акция жүзеге асырылуда. Жоспар бойынша 80 баланы қамтымақ. Бүгінде 22-сіне көмек көрсетілген.
- Павлодар қаласы №16 орта мектепте менің балаларым оқиды. Бағаның өсуіне байланысты қазір мектептерде кеңсе тауарлары, мектеп формасы, аз қамтылған, көп балалы отбасыларға, жанұясында мүгедек адам бар отбасыларға көмек көрсетілуде. Бұл біз үшін өте жақсы көмек, өйткені барлық жерде баға көтерілді, - деді Әлия Тисбаева.


Өткен жылы аталмыш акция аясында демеушілер есебінен 60 миллион теңгеден астам қаражатқа 7 мыңнан астам оқушыға көмек көрсетілді. Айту керек, тамыздың 6-сы Катаев атындағы Оқушылар сарайының базасында білім басқармасының ұйымдастыруымен мектеп жәрмеңкесі өтеді.