Павлодарда нақты табысын жасырған ер адамға алиментті көбірек төлеу міндеттелді
Ер адам алиментті 85 мың теңге көлеміндегі ресми жалақысынан төлеп келген. Сот оның кәсіпкерлік табысы әлдеқайда жоғары екенін анықтап, төлемнің тіркелген мөлшерін белгіледі, деп хабарлайды irbistv.kz.
Бұған дейін ер адам қызына ресми табысының және басқа да кірістерінің төрттен бір бөлігі мөлшерінде алимент төлеп келген. 2023 жылдың желтоқсанында тараптар медиациялық келісім арқылы төлемнің дәл осындай тәртібін бекіткен. Алайда баланың анасы бұл қаражаттың жеткіліксіз екенін есептеп, сотқа жүгінген. Сол жерде әкенің жеке кәсіпкер екені анықталды.
-Салық есептілігіне сәйкес, оның 2025 жылғы кәсіпкерлік қызметінен түскен табысы 16 млн теңгеден асқан. Сонымен қатар банк шоттарындағы қаражат қозғалысы ресми жалақысының мөлшерінен едәуір жоғары болған. Сот жауапкер төлеп жүрген алимент мөлшері оның алған табысына сәйкес келмейді, осыған байланысты баланың ата-анасынан лайықты қаражат алуға деген құқығы бұзылып отыр деген қорытындыға келді, - деп хабарлады Павлодар облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты.
Сот ер адамның табысы тұрақты емес әрі тапсырыстардың санына байланысты өзгеріп отыратынын анықтады. Сондықтан алиментті тек ресми жалақысына қарай есептеу баланың мүддесіне сай келмейді. Сот ата-аналар арасындағы медиациялық келісімді бұзып, қызы кәмелетке толғанға дейін ай сайын 20 АЕК мөлшерінде тіркелген төлем белгілеу туралы шешім шығарды. Қазіргі таңда бұл сома 86 500 теңгені құрайды.
Фото: Freepik.com
