Павлодарда Назарбаев көшесіндегі көпқабатты үй тұрғындары ауладағы қоқыс аумағын реттеуді сұрайды
Адамдардың айтуынша, қоқыс жәшіктері қоршалмаған, салдарынан қалдықтар желмен ұшып айналаны ластайды екен. Нақты мекенжайы коммуналдық ақпар айдарында.
Назарбаев даңғылындағы №3/1 мекенжайының алдындағы бұл қоқыс контейнерлері өткен жылы орнатылған. Бастапқыда 6 еуро-контейнер болған, қазір соның 5-еуі ғана қалған. Содан бері аулаға ешқандай жөндеу немесе абаттандыру жұмыстары жүргізілмеген. Ал көрші аулаларда қоқыс жәшіктеріне арналған заманауи қоршаулар әлдеқашан орнатылып қойған.
- Мына жерге қоршау қажет, себебі жел қоқысты жан-жаққа ұшырып жібереді, үстінен жаңбыр жауғанда бәрі суланып, сасып кетеді. Контейнердің қақпақтарын жапсаң, кейін олар ашылмай қалады, ал кейде мүлде толық жабылмайды. Ал қоршаудың ішінде тұрса бәрі дұрыс болады,-деді Назарбаев даңғылындағы №9-үйдің тұрғыны Надежда Фишер.
Қоқыс контейнерлеріне арналған алаң жасап беру туралы тұрғындар коммуналдық қызметке бірнеше рет жүгінген. Алайда әзірге уәде берілгенімен, нақты нәтиже жоқ. Бүгін қала әкімдігі өкілдері контейнерлерді қоюға қолайлы орын іздеп жатқанын, сондықтан абаттандыру жұмыстары кейінге шегерілгенін мәлімдеді.
