Павлодарда облыстық дерби матч өтті
Жасыл алаңдағы өңіріміздің дерби матчында «Ақсу» мен «Екібастұз» ойнады. Кездесу футбол маусымы басталуы алдындағы соңғы дайындық деп айтуға болады.«Ақсу» футбол клубы осы аптада павлодарлықтар тағатсыздана күткен Премьер-Лигада дебюттік матч өткізеді. Оның алдында «Екібастұзға» қарсы спарринг ұйымдастыруды жөн көрді. Команда құрамы әлі толық емес екен. Украиналық Задоя мен Марусич елден шыға алмаса, Фейт Обилор виза алуын күтуде.
- Обилор Түркиядан Қазақстанға кіру рұқсатын күтіп отыр. Ал украиналықтармен қазіргі жағдайға байланысты, елден шығу мүмкін болмай тұр. Мен, бір күнге ертерек шықтым, Павлодардағы алғашқы жаттығуға үлгермей қалуым мүмкін еді. Ал мен бұндайды ұнатпаймын. Киевте тұрғандықтан, бірден осында жеттім. Ал жігіттер өзге қалалардан тез жетіп үлгермей қалды,- дейді «Ақсу» ФК бас бапкері Руслан Костышин.
Украиналық маман «Екібастұзға» қарсы екі тайда әртүрлі құрама шығарды. Түркиядағы пысықталған тактика мен ойын үлгісін чемпионат алдында тексеру маңызды дейді.
-
Ойын ырғағын сақтау қажет. Чемпионат басталуына бір апта қалғанда жолдастық матч өткізу қалыпты жағдай. Сонымен қатар, жігіттер жасанды жабынды алаңға, ауа райына үйрену қажет. Жылы жерден, суыққа көшу оңай емес. Сондықтан жақсы мүмкіндік,- дейді «Ақсу» ФК бас бапкері Руслан Костышин.
Нәтижесінде, облыстық дерби ойының 2:1 есебімен аяқталды. «Ақсу» сапында жаңа форвард Еркебұлан Тұңғышбаев және бірінші лиганың үздік сұрмергені Мирас Тұрлыбек нәтижелі соққыларымен көзге түссе, «Екібастұз» қатарында Георгий Захаренко гол соқты. Айту керек, «Ақсудың» орталық стадиондағы келесі матчы тек наурыздың 10-ы ғана өтеді. Ал чемпионаттағы дебюттік ойын 5-нде сырт алаңда «Атырауға» қарсы жоспарланған.
Авторы: Дархан Бекишев