Павлодарда орамжапырақ неге қымбат?

Қазіргі таңда аталмыш өнім түрінің бағасы 330 теңгеге дейін жетеді.

 

Өңірімізге орамжапырақ елдің оңтүстік өңірлерінен және Өзбекстаннан жеткізіледі. Себебі, өзіміз жеткілікті көлемде өсіре алмағандықтан қырыққабат жыл сайын қыс мезгілінде қымбаттайды. Бірақ, павлодарлықтардың айтуынша, биыл баға тіптен шарықтап кеткен.

 

- Шынымен де мұндай мәселе бізде бар. Өңірімізде өсірілетін қырыққабаттың көлемі облысты толығымен қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз. Бүгінде орамжапырақ толықтай сырттан жеткізіледі. Павлодарға 280-300 теңгеден жіберіледі. Саудагерлер 10 пайыздық сауда үстемесін қосқанда дүкен сөрелеріндегі баға 350 теңге шамасында болады, - деп мәлімдеді Павлодар облысы кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы Талғат Дұғалов.

 

Ал, павлодарлықтардың көңілінен мұндай баға шықпай отыр.

 

- Қырыққабаттың орнын басқа көкөніспен алмастырамыз,- дейді қала тұрғындары.

 

Жергілікті билік бұл көкөністі тұрақтандыру қоры арқылы босатуды жоспарлап отыр. Алдағы аптада кәсіпкерлік басқармасының басшылығы Түркістан облысынан ерте пісетін қырыққабатты төмен бағамен сатып алу мақсатында келіссөздер жүргізбек. Ал бұл бүгінгі бағаны қаншалықты түсіретіні әзірге белгісіз.

 

Авторы: Аида Адрахова