Павлодарда Рамазан айы қалай өтеді?

Айлардың сұлтаны Рамазан биыл тағы да індеттің өршіген кезеңімен тұспа-тұс келді. Оразада тек асты азайтып, тамақтан тартыну ғана емес, нашар әдет, жағымсыз қылықтан да арылған жөн. Сондықтан дені сау, ақыл-есі дұрыс мұсылман баласының жылына 1 рет келетін оразаны ұстағаны абзал. Алайда денсаулығы сыр берген адамдарға дәрігердің кеңесіне сүйенген жөн.

 

- Әсіресе жасы үлкен ата-әжелерге айтарымыз мешіттерге бармағаны жөн, ауызашарға қатыспағаны жөн. Неге десеңіз олардың иммунитеттері өте әлсіз болады. Олар үйде сәресін ішіп, үйде ауызашарға қатысатын болса әрине денсаулықтары болса, дәрігері рұқсат берсе ұстауға соған біз шақырамыз, - деді ҚМДБ Павлодар облысындағы өкілі Жолдас Қоспақұлы.

 

 

Індеттің тез таралуына байланысты көп адам жинап ауызашар беруге тыйым салынған. Егер ораза ұстап жүрген адам КВИ індетін жұқтырса бірден аузын ашып жіберуі қажет.

 

- Бір екі күн ұстады да ауырып қалды, ол тек қана КВИ емес басқа аурумен ауырып қалды өкінішке орай давление, жөтел, температура көтерілді, ондай жағдайда ол оразасын тоқтатады да емделу шараларын қарастырады. Бірақ ана ұстамаған оразасы оның мойнында қарыз ретінде қала береді. Рамазаннан кейін міндетті түрде оны бір күнге бір күн ұстап береді, - деді Жолдас Қоспақұлы.

 

Өңіріміз сары аймақта болғандықтан мешітке көп адам жиналуға рұқсат жоқ. Ал пітір садақасын жеке келіп мешіт жәшігіне салуға немесе аялдамаларда орналасқан QR-код арқылы жіберуге болады. Биыл оның құны - 420 теңге.