Павлодарда шұңқырларды жабу жұмыстары басталды

Көлік иелерінен келіп түскен көптеген шағымдардан кейін коммуналшылар негізгі көшелерден бастауды шешті, бұдан бөлек, қаламызда алдағы уақытта жауын суы ағатын желі пайда болады деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.

 

Осы аптадан бастап, қаламызда шұңқырларды жамау жұмыстары қолға алынды. Оның алдында жолдарды Мак асфальтпен жамады. Материалды минус 10 градусқа дейін қолдануға болатын. Бүгінде ауа райы қарапайым тәсілмен жұмыстарды орындауға мүмкіндік береді.

 

-Қазіргі уақытта коммуналдық қызметтермен ыстық асфалтты пайдалана отырып, қала көшелеріндегі шұңқырларды жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл шұңқырларды жамау жұмыстары ең алдымен жолдың құрғаған бөліктерінде жүргізілетін болады. Бұл жұмыстар ең алдымен осы жолдың құрғаған бөліктерінде жүргізілуде. Қазіргі уақытта, Назарбаев даңғылында, Қайырбаев көшесінде, Лермонтов және Луговая көшесінде осы шұңқырларды жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр,-деді Павлодар қаласы әкімі баспасөз қызметінің бас маманы Оразбек Саяхат.

 

Мердігерлік ұйым өкілдері ең алдымен шұңқырды тазалап, кептіріп, кейін асфальт төсеуді орындайды. Мұндай жұмыстар кезінде жол жабылмайды. Тек белгілер қойылады. Бұдан бөлек, шаһар басшысы өзінің әлеуметтік желісі арқылы Павлодарда орындалатын тағы бір ауқымды жоба жайлы айтты.

 

- Облыс әкімінің тапсырмасымен, біз нөсерлі кәріз жүйесінің құрылысы бойынша техникалық-экономикалық негіздемесін дайындаудамыз. Бұл жұмыстарға қажетті мемлекеттік сараптаманы мамыр айының соңына дейін алуды жоспарлаймыз. Ал жылдың соңында жобалық-сметалық құжаттама дайындауды көздейміз,-деді қала әкімі Хасар Хабылбеков.

 

Осы аптада орын алған, суға қатысты қаладағы барлық мәселелер, нөсерлі желінің жоқтығынан деді әкімдікте. Жоба мақұлданған жағдайда құрылыс жұмыстарының алғашқы кезеңі 2025-ші жылы басталады.