Павлодарда соңғы екі жылда алғаш рет үшем дүниеге келді

Олардың екеуі егіз болса, кеше үшем өмірге келді. Фатима есімді қыз бен Эмир және Самир атты екі ұл.

Отбасы нәрестелерді 12 жыл күткен. 38 жастағы ананың қуанышында шек жоқ. Нәрестелер «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасы аясында дүниеге келген.

- Мен 2021 жылдың басында осы «Аңсаған сәби» бағдарламасы туралы білдім. Экоға квота берілді. Осы бағдарлама үшін, осы бақыт үшін, жалпы барлығы үшін алғыс айтамын, - дейді сәбилердің анасы Әсел Тезекбаева.

- Балалардың салмағы 2 келіден асады, 2100, 2300. Сондықтан олар қазір анасының жанында. Жағдайлары жақсы. Бүгін оларды босанғаннан кейінгі бөлімшеге ауыстыру жоспарланған. Ата-анасы бақытты, - дейді Ғ.Сұлтанов атындағы Павлодар облыстық ауруханасының перинаталдық орталығының бас дәрігері Айман Оспанова.

Бүгінде отбасының қуанышына ортақтасып, құттықтап жатқандар жетерлік. Тіпті нәрестелерді перзентханадан шығаруға арналған конверттерді де сыйлыққа әкелуде.

 

Авторы:Арнагүл Исабекова