Павлодарда су бұрқақтарын іске қосу жұмыстары басталды

 

 

Бүгінде 3 фонтанның қыстан кейін қазандығы тазаланып, барлық құрал-жабдықтары ретке келтірілді irbistv.kz тілшісі.

 

Ағымдағы жылы Павлодар қаласында су бұрқақтар мерзімнен бұрын іске қосылуда. Бұған әрине күн райының жылы болуы да өзінің оң әсерін тигізгендей. Жалпы қаланың көрікті жерлерінде осындай 20 фонтан күзге дейін өз жұмысын жалғастыратын болады.

 

Бүгінде Павлодарда үш су бұрқағы жұмыс істеп тұр. Олар орталық жағажай, Естай атындағы мәдениет сарайында және Жүсіпбек Аймауытов драма театрында орналасқан. Қалғандарын іске қосу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

 

-«Коммунсервис» кәсіпорынның мамандары қазіргі уақытта осы фонтандарды, яғни су бұрқақтарды дайындап жатыр, біртіндеп іске қосып жатыр. Дайындық барысында мына су бұрқақтың іші, яғни қазандығы тазаланады, сондай-ақ, су өткізетін трубалар тазаланады. Және де осы су бұрқақтың қабырғалары және қозғалтқыштары, электр қозғалтқыштары сондай-ақ, өзге де дайындық жұмыстары жасалады,-деді Павлодар қаласы әкімі баспасөз қызметінің бас маманы Оразбек Саяхат.

 

Жалпы Павлодарда 25 фонтан бар. Олардың 20-сына бюджет есебінен күтім көрсетіледі. Әзірге жаңа су бұрқақтардың құрылыс жоспары жоқ деп хабарлады әкімдікте.