Павлодарда сырланған үйлер сыр беруде

 

 

 

 

 

Павлодарда былтыр күзде көпқабаттыларды түрлі-түстерге бояй бастады. 11 үйге 67 миллион теңге бөлінген. Қазіргі уақытта, Катаев, Сәтпаев, Торайғыров және Лермонтов көшелеріндегі тұрғын-үйлер жарқырай түскен. Алайда, павлодарлықтар боялған көпқабаттылардың сырт келбеті бұзыла бастағанын алға тартуда.

 

-Екі-үш айда бояу жойылып барады. Қараса байқауға болады. Көктемде тіпті нашар болады. Бояу сапасы көңіл көншітпейді, -деді бірауыздан қала тұрғындары.

 

Ал құрылыс бөлімінде сырланған үйлер бойынша анықталған олқылықтар кепілдік міндеттемесі аясында қалпына келтіріледі деді.

 

-Аталмыш жұмыстардан кейін анықталған олқылықтар кепілдік міндеттеме негізінде ауа райы қолайлы болғанда жойылады. Атап айтқанда 2023-ші жылдың көктемінде. Мердігер анықталмас бұрын, оның барлығы келісімде көрсетілген,-дейді Павлодар қаласы сәулет және қала құрылысы бөлімінің сектор меңгерушісі Асхат Бейсенов.

 

Бұдан бөлек, ағымдағы жылы бірқатар көпқабатты үйлерді сырлау жоспарлануда. Олардың басым бөлігі Лермонтов көшесінде орналасқан. Сондай-ақ, Мойылды және Кенжекөл ауылындағы баспаналар да қалыс қалмайды. Әзірге конкурстық шаралар өтіп жатыр.