Павлодарда Сұрағанов көшесіндегі №1-үйдің пәтерлері суық
Жуырда көпқабатты үйдің жертөлесінде барлық коммуникациялар ауыстырылған. Бұған қарамастан, көпқабаттының батареялары сәл ғана жылы.
- Жуырда барлық тұрғындар қаражат жинап, жылу және басқа да коммуникацияларды ауыстырдық. Ол жағынан еш қандай мәселе жоқ. Соңғы үш жылда үйімізге жылу дұрыс келмеуде. Алпауыт маманадары келіп, параметрлер тым төмен екендігі анықталды. Содан бері еш өзгеріс жоқ, - дейді Сұрағанов көшесіндегі №1-үйдің тұрғыны Алексей Мельницкий.
Қазір үйге 10 градусқа төмен параметрлер берілуде. Энергетикалық компания өкілдері тексеріс жүргізіп, жылыту кемдігін растады.
- Сұрағанов көшесіндегі №1-үйдің қызмет көрсетуші ұйымынан жылу жетіспеушілігі бойынша өтініш кеше, яғни 25-ші қаңтарда келіп түсті. Бүгін компания мамандары тексеріс жүргізді. Оның нәтижесі бойынша параметрлер тиісті температуралық графикке сәйкес берілмеуі анықталды, - деп мәлімдеді энергетикалық компанияның қоғаммен байланыс бөлімінің жетекші маманы Роман Гончаренко.
Осыған байланысты мамандар температуралық тәртіпті реттеу жұмыстарын орындайды. Алдағы уақытта, жылу жетіспеушілігі мәселесі шешіледі деп сендірді энергетикалық компанияда.
Авторы: Айтмұхамбет Айғожа