Павлодарда трамвайдың жаңа екі бағыты пайда болмақ

Бүгінде Назарбаев – Ломов қиылысындағы трамвай бұрылысы жартылай дайын. Кестеге сәйкес қыркүйек айының соңында тапсырады. Кейін бірден жаңа бағыт бойынша жүретін вагондарды жібереді.

 

- Екі жаңа бағыт болады. Олар Мәшһүр Жүсіп көшесі арқылы Усолка және Дачный мөлтек аудандарына қатынайды. Алдағы уақытта зауытқа баратын вагондарды жіберу жоспары бар, - деді Павлодар қаласы трамвай басқармасының басқарма төрағасы Муслим Махмутов.

 

Аталмыш бұрылысқа қаражат бюджеттен жұмсалды. Назарбаев даңғылы бойымен жолды  «Достық» ауданына дейін ұзарту жоспарланған. Мемлекеттік сараптамада бекітілген жағдайда құрылысы бірден басталады.

 

- Бастапқы жоба бойынша ол аэропортқа апаратын айналма жолға дейін баруы тиіс еді. Қала және облыс әкімі жобаны мақұлдамады. Кейін біз жолдың сол жағымен өткізуді шештік. Көлік жолына кедергі келтірмейтін болады, - деді Муслим Махмутов.

 

Бұған 3 миллиард теңге жұмсалады. Құрылыс жұмыстары қаражаттың түсуіне байланысты. «Достық» ауданына жартылай дербес трамвайлар сатып алу жоспары бар. Олар рельстен қуат алатын болады. Осылайша басқармада қаражатты үнемдеуді көздейді.

 

Авторы: Айтмұхамбет Айғожа