• Басты бет
  • Қоғам
  • Павлодарда заңсыз қоқыс орындарын анықтау бойынша рейд өтті

Павлодарда заңсыз қоқыс орындарын анықтау бойынша рейд өтті

«Таза Қазақстан» республикалық науқаны жалғасуда. Бұл жолы экология департаментінің мамандары қала сыртында заңсыз қоқыс орындарын анықтаған. Рейдтік шараға олармен бірге депутаттар да қатысты дейді irbistv.kz тілшісі.

 

Естеріңізге салсақ, өткен жылы ғарыштан түсірілген суреттердің арқасында экологтер аймағымыздағы 167 заңсыз қоқыс үйінділерін анықтаған. Бүгінде олардың басым бөлігі жойылды. Павлодар қаласында 10 көн қорда болса, Екібастұзда олардың саны жетеу. Сонымен қатар, Ақсуда екі телім бар екен.

 

-Аймақ тұрғындарына үндеу жасағымыз келеді. Қалған қоқыс қалдықтарын арнайы полигонға апару қажет. Осындай заңсыз қоқыс үйінділерінің санын жыл сайын азайтудамыз. Осы ретте бұзушыларға әкімшілік ресурсты қолдануға мәжбүрміз,-дейді Павлодар облысы экология департаменті басшысының орынбасары

Мағзұм Кукумбаев.

 

Жыл басынан экологтер 7 мемлекеттік мекемеге 1 миллион 300 мың теңгеге әкімшілік хаттама толтырды. Заң бұзғандардың басым бөлігі қаражаттарын үнемдеу аясында қалдықтарды кез келген жерге төге салады екен.

 

-Қалалық депутаттар мен қоғамшылдардың қатысуымен арнайы мониторинг тобын құру керек. Полиция департаментімен қоқыс орындарына бірлесіп шығып отыру қажет. Тым болмағанда айына екі рет. Мониторинг тобы қоқыс үйінділерін камера түсіріп, жұртқа көрсететіндей, 10 минут ішінде сол жерге келе алатындай, байланыс орнату керек,-деп жеткізді қалалық мәслихат депутаты Болат Сүлейменов.

 

Халық қалауларының айтуынша, мәселені түбегейлі өзгерту үшін бұзақыларды әлеуметтік желіге жариялау қажет. Депутаттар осылайша олар ұялып, келесі жолы табиғатқа зақым келтірмес бұрын ойланатын болады деген сенімде.