Павлодарда жаңа эпидемиологиялық маусымға дайындық басталды
Еліміздің бас мемлекеттік санитариялық дәрігер Сархат Бейсенова 2025-2026 жылдарға арналған қаулыға қол қойды. Құжатта жедел респираторлық вирустық инфекциялар, тұмау және COVID-19-дың алдын алу мен күресу шаралары нақтыланған деп хабарлайды irbist.kz тілшісі.
Жұқпалы індеттермен күрес үшін келер аптада Павлодар облысына 80 мың доза екпе әкелінбек. Бұл тәуекел тобына жататындар үшін, ал қарапайым тұрғындарға ақылы түрде қолжетімді. Вакциналау жұмыстары қыркүйек айының 15 басталады деп жоспарлануда. Жаңа қаулыда барлық аймақтарға ортақ санитарлық талаптар мен міндеттер бекітілген.
- Балабақшаларда күн сайын таңертең медициналық бақылау жүргізіледі. ЖРВИ, тұмау және COVID-19 белгілері байқалған балалар мекемеге жіберілмейді. Мектептерде бір сынып оқушыларының 20–30%-ы бір инкубациялық кезең ішінде ЖРВИ-мен ауырса, пәндік кабинеттік оқыту жүйесі тоқтатылып, 10 күн бойы оқушыларды қабылдауға тыйым салынады. Егер бір сыныптағы оқушылардың 30%-дан астамы бір инкубациялық кезең ішінде ЖРВИ-мен ауырса, онда бұл сыныптың оқушылары қашықтан оқыту форматына көшіріледі,-деді Павлодар облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Зәмзәгүл Дощанова.
ЖРВИ, тұмау және COVID-19 белгілері бар жүкті әйелдер мен 1 жасқа дейінгі балаларға медициналық қызмет бірінші кезекте үйге шақыру арқылы көрсетілетін болады. Айта кету керек, жыл басынан бері өңірімізде тұмау дерегі тіркелмеген, ал мамыр айынан осы уақытқа дейін 28 мыңнан астам тұрғын ЖРВИ жұқтырыпты. Сонымен қатар, вакцинациялау – ерікті. Ешкімді күштеп екпе алуға міндеттемейді. Санитарлық дәрігерлер ауру белгілері байқалған сәтте өз бетімен емделмей, бірден дәрігерге жүгінуді ұсынады. Ал қарапайым сақтық шараларын ұстану – тек өзіңіздің емес, жақындарыңыздың да денсаулығын қорғаудың жолы дейді ақ халаттылар.
