Павлодарда жасанды жол бөгеттеріне 24 миллион теңге бөлінді
Сол себепті қалалық әкімдікте биылға бөлінген қаражаттың артқанын айтты.
-
Аула іші жолдары мен ауладағы аумақтар жөнделгеннен кейін әрі бері жүйіткіген көліктер саны артқан. Бұл ретте жасанды бөгет орнату қажеттілігі туындайды. Адамдар оны әр подьездің алдында орнатуға дейін сұрайды, - дейді Павлодар қаласы ПБ әкімшілік полициясы ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспектор Бауыржан Мақашев.
Тәртіп сақшыларының айтуынша адамдар сұраған жерге жасанды бөгеттер орнату мүмкін емес. Қалай болғанда да биыл бұл мақсатқа бөлінген ақша шамамен 24 миллион теңгені құрайды. Қазіргі таңда полицейлер 15 өтінім бойынша мекенжайды қараған.
- Өткен жылмен салыстырғанда қаржыландыру ұлғайды. Себебі алдағы уақытта орам іші аумақтары мен жеке сектор көшелерінде жасанды кедергілер орнату жоспарлануда. Қазіргі таңда 80 шақты өтінім бар. Барлығы қаралады, - дейдіПавлодар қаласы әкімінің баспасөз қызметінің басшысы Салтанат Әкімбекова.
Тәртіп сақшылары көлік жүргізушілерінен әсіресе аула іші аумақтарында жылдамдықты арттырмауға шақырады. Әркім осылайша жол ережесін сақтаса жасанды кедергілерді орнатудың да қажеттілігі жоқ дейді.
Авторы: Бибінұр Хамитқызы