Павлодарда жатақханаларды тексерді

 

 

Павлодар облысында «Жатақхана» республикалық профилактикалық акциясы басталды. Рейд барысында тұрғындарға өрт қауіпсіздігі талаптары және өрт болған кездегі іс-әрекеттер бойынша нұсқамалар жүргізілді деп хабарлайды irbistv.kz. Сонымен қатар өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзудың жаға ұстатарлық деректері анықталды.

 

Облыс бойынша барлығы 80 жатақхана бар. ТЖД қызметкерлері генерал Дүйсенов, 1 мекенжайына бас сұқты. Мұнда 100-ден астам адам тұрады. Тексерушілер эвакуациялық жолдардың жағдайына, бірінші болып қосылатын өрт сөндіру құралдарының барына және жұмыс істеп тұрғанына назар аударды. Өрескел ереже бұзушылықтар тайға таңба басқандай.

Айта кету керек, ұзын дәліз бойына орналасқан қаптаған бөлмелерден өрт кезінде шығу жай көпқабатты пәтермен салыстырғанда бірнеше есе қауіпті. Ал өрт кезінде шығуға арналған қосалқы баспалдақтың жабық болуы қауіпті одан сайын арттырады. Себебі электр сымдары талапқа сай емес, эвакуация жолдары қоқысқа толы, әрі темірмен дәнекерлеп тастаған.

 

-Осы мекенжай бойынша алатын болсақ бұл ең басты электр сымдарының ақаулығы, одан соң баспалдақ алаңдарының өзге заттармен жабылуы. Егерде өрт туындайтын болса мына жақта адамдар далаға шыға алмайды. Ал егер тұрғын үй секторын алатын болсақ, онда біз көміртегі тотығын ерте анықтайтын датчиктарды орнатып жатырмыз. Жыл басынан бастап әлеуметтік осал азаматтардың үйлерінде 500-ден астам датчик орнатылған болатын, - деп хабарлады Павлодар қаласы ТЖБ басшысының орынбасары Арын Арман.

 

Облысымызда жылу беру маусымы басталғалы 7 өрт пен пештен шыққан түтіннен уланудың 1 дерегі тіркелген. Онда екі кәмелетке толмаған бала жапа шекті.

Бибінұр Хамитқызы