Павлодарда жеке сектордағы үйлерге жылу ең соңында беріледі
Павлодарда жылыту маусымы жалғасуда. Естеріңізге салсақ, әлеуметтік нысандарды қыркүйектің 16-нан қоса бастаған. Бүгінде 67 балабақша, 38 мектеп, 63 оқу және 38 денсаулық мекемесінің батареялары жылынды. 23-інен бастап алпауыт қаланың тұрғын үй қорын қолға алды. Шараны жылдамдатуға желідегі апаттар кедергі келтіреді екен.
- Біз барлық ақауларды жылдам жоюға тырысудамыз. Бүгінде уақытында жылу берілмеу тізімінде Алюминстрой, жаңа Достық ауданындағы үйлер бар. Аталмыш желілер әлі күнге дейін біздің теңгерімге берілмеді. Қазіргі басты мақсат барлық үйлерге қысқа уақытта жылу беру. Қыркүйек айының соңына дейін Павлодардағы көпқабаттылардың 99,5 пайызына жылу беріледі, - деді «Павлодар жылу желілері» ЖШС бас инженерінің орынбасары Павел Плетухов.
Бүгінде Павлодардағы тұрғын үй қорының 327-нде батареялар ыстық. Қалған 922 көпқабаттыға жылу қазанның біріне дейін берілуі тиіс. Қосылған үйлер туралы ақпарат күнделікті алпауыттың сайтында жаңартылып отырады. Сондай-ақ, онлайн жиналыс кезінде Кривенко көшесіндегі жаңартылған жылу магистралі қолданысқа қашан берілетіні айтылды.
- Кривенко көшесінде Назарбаев даңғылынан Абай көшесіне дейінгі аралығында жылу магистралінің қайта жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде №31 жылу магистралі бойынша жұмыстар аяқталуға жақын. Қыркүйек айының соңына дейін ол қолданысқа беріледі, - деді Павлодар қаласы әкімі баспасөз қызметінің басшысы Салтанат Әкімбекова.
Бұдан бөлек, алпауыт мамандары қаладағы жеке сектор тұрғындарына жылу соңғы берілетінін мәлімдеді. Себебі, жер үйдің тұрғындары уақытында дайындық актілерін алмаған.
Авторы: Айтмұхамбет Айғожа