Павлодарда жер үйлер орталық жылуға қашан қосылады?

 

 

Павлодардағы жеке сектор тұрғындары үйлерін орталық жылу жүйесіне қосуға рұқсат беруді талап етіп отыр. Айтуларынша, бірнеше жылдан бері бір көшеде тұрып, бір жағдайға тап болған адамдардың мәселесі әртүрлі шешіліп келеді деп хабарлайды irbistv.kz.

 

Жасұлан Бүркітбаев Желтоқсан көшесіндегі үйінде 90-жылдардың ортасынан бері тұрып келеді. Пеш жағу ол үшін үйреншікті тірлік. Алайда жыл сайын қыс қамына кірісу оңай емес. Әсіресе шығыны шаш етектен дейді.

 

-Бір қыста 8 тонна көмір жағылады. Тоннасы 25 мың теңге. Оның үстіне көмірді тұтататын отын қажет. Қазір бір текше метрінің бағасы 10-15 мың теңге. Бір маусымда шамамен 4 текше метр ағаш кетеді, - дейді Желтоқсан көшесіндегі №156-үйдің тұрғыны Жасұлан Бүркітбаев.

 

Тұрғындардың айтуынша, маңайда жыл сайын жаңа нысандар бой көтеріп, кейбір үйлерге орталық жылу желісін тартуға рұқсат беріліп жатыр. Ал өздері бірнеше жылдан бері түрлі мекеменің табалдырығын тоздырғанымен, еститіндері бір жауап – Павлодардың жылу жүйесі «қызыл аймақта».

-Бәріміздің жүйкеміз жұқарды. Қазір Максим Горький көшесінің бойымен жылу желісін Пионерлер мен Сәтбаев көшелеріне тартып жатыр. Қала қызыл аймақта, жаңа қосылымдарға шектеу қойылған дейді. Сонда бұл жұмыстар қандай негізде жүргізіліп жатыр? Бізге де осылай жылу жеткізуге болады ғой!?, - дейді Мәшһүр Жүсіп көшесіндегі №200-үйдің тұрғыны Айтжамал Нығманова.

 

-Тек жеке секторға ғана рұқсат бермей отырмыз деу дұрыс емес. Қалада жаңа нысан салып жатқан заңды тұлғаларға да, өзге жеке тұтынушыларға да осындай шектеу қойылған, - дейді «Павлодар жылу желілері» ЖШС жылуды бөлу және бақылау басқармасының басшысы Галина Волкова.

 

Қазір орталық жылу жүйесіне қосылуға ресми рұқсат көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға ғана беріледі. Оларға арналған жылу жүйесінде аз да болса резерв бар. Ал жеке секторлардағы жағдай қаладағы жылу электр орталықтары, сорғы станциялары мен инженерлік желілер жаңғыртылғаннан кейін өзгеруі мүмкін дейді. Бірақ бұл жұмыстардың нақты қашан аяқталатыны әзірге белгісіз. Бүгінде Павлодарда шамамен 15 мың жеке тұрғын үй бар. Соның үштен біріне жуығы ғана орталықтандырылған жылуға қосылған. Қалғандары қыс түскен сайын көмірін қамдап, пеш жағуға мәжбүр.

 

Бекбол Мырзахан