• Басты бет
  • Қоғам
  • Павлодарда жолаушымен төбелескен кондукторға әкімшілік хаттама толтырылды

Павлодарда жолаушымен төбелескен кондукторға әкімшілік хаттама толтырылды

Кондуктор мен зейнеткердің автобустағы төбелесі әлеуметтік желіге тарап кетті. Бейнеде әйел дөрекі сөздермен балағаттап, жолаушыны салоннан итеріп жібереді. Оқиға нөмір бірінші бағытта орын алған. Қарияның зейнеткерлік куәлігі болмаған. Сонымен қатар ол жолақыны толық төлеуден бас тартқан.

 

- Бұл ретте жолаушылар да кондукторға түсіністікпен қараған жөн. Куәлікті көрсеткен кезде ғана жолақы жеңілдігі ұсынылады. Жолаушы автобусқа кірген кезде кондуктор құжат сұраған. Алайда ол көрсетуден бас тартыпты. Ол жолаушыны салоннан шығармақ болғанда ол кондукторды арқасынан соғып қалған, соңы жанжалға ұласқан, - деді Павлодар автокомбинатының директоры Александр Панченко.

 

 

Автокомбинатта сол күні аталмыш жолаушының басқа автобуста да жанжал шығарғанын айтты. Ал қала тұрғындары бұл оқиға туралы екі жақты пікірде.

 

- Кондукторға қатысты ҚР әкімшілік кодексінің 434-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды. Материал шара қолдану үшін Павлодар қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына жіберілді, - деді Павлодар облысы ПД баспасөз қызметінің басшысы Жанна Белялова.

 

 

Енді кондукторға 15 мың теңге айыппұл немесе он тәулікке дейін темір торға қамалу қауіпі төніп тұр. Автокомбинатта да тексеріс жүргізілуде. Әйел сөгіс алған.