Павлодарда ЖОО түлегі мемлекеттік грантты өтемегені үшін 1,7 миллион теңге қайтаруға міндеттелді
Бойжеткен педагогика мамандығы бойынша білім беру грантында оқыған. Оқуға түсерде ол кемінде үш жыл жұмыс істеп, өтейтіні туралы міндеттемеге қол қойған. Алайда бұл шарттарды орындамаған, деп хабарлайды irbistv.kz.
Оқуды аяқтаған соң түлек «Жұмыспен қамту орталығына» жіберілген, бірақ міндеттемесін орындамаған. Нәтижесінде сотқа «Қаржы орталығы» АҚ өкілдері шағымданып, мемлекеттік білім беру тапсырысы есебінен оқуға жұмсалған шығындарды өндіріп алуды талап етті.
- Бірінші сатыдағы соттың шешімімен жауапкерден 1 773 200 теңге көлеміндегі оқу шығыны өндірілді, ал өсімді өндіру бөлігі кері қайтарылды. Сот алқасы оқу шығындарын өтеу туралы талап заңды деген тұжырымға келді, өйткені жауапкер жұмыспен өтеу міндетін орындамаған, сондай-ақ одан босатуға ешқандай негіз анықталмаған. Сонымен бірге өсімді өндіруден бас тарту заңды деп танылды, себебі мұндай міндеттеме шартта және заңнамада көзделмеген, – деп хабарлады Павлодар облыстық сотының баспасөз қызметі.
Бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз, ал апелляциялық шағым қанағаттандырылмады. Сот актісі заңды күшіне енді.
