Павлодарда жылу маусымы қашан басталады?
Павлодарда күн суыта бастады. Сынап бағанасының көрсеткіші төмендеді. Алайда 300-ге жуық көпқабатты үйдің тұрғындары әлі күнге дейін қайнақ суды күтуде.
- Қыркүйектің 14-15-іне қарай тағы 108 үйге қайнақ су беріледі. Солтүстік және оңтүстіктегі көпқабаттылардың басым бөлігіне 20-шы қыркүйекке дейін ыстық су болады, - деді Павлодар қаласы ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі Ирина Заяц.
Қаладағы барлық қазба жұмыстары 1-ші қазанға дейін аяқталуы қажет. ТҮКШ бөлімінде жылу магистральдер ерекше бақылауда екенін айтты. Жылыту маусымының басталу мерзімі әзірге белгісіз. Қаулы жобасы дайын алайда күні нақты жазылмаған.
- Жылыту маусымының ережесіне сәйкес, ауа райы температурасы +10 градустан үш тәулік бойы төмен болған жағдайда жылу берілуі қажет, - деді ТҮКШ бөлімінің өкілдері.
Өткен жылғыдай ең алдымен әлеуметтік мекемелер қосылады. Кейін тұрғын үй қорын қамтиды.
Авторы: Айтмұхамбет Айғожа.