Павлодарда жұмыртқа бағасы қымбаттаған

Ең арзаны - 365 теңге. Бұл - әлеуметтік түрі. Сатып алушылар оның өзін күнде кездестіре бермейді екен.

- Құс жұмыртқасы бойынша «Шарбақты-құс» ЖШС-мен жұмыртқаны арзандатылған бағамен, 332 теңгемен жеткізу бойынша келісім бар. Аталмыш тауар әлеуметтік дүкендерге жіберіледі. Жоғары сұранысқа байланысты жұмыртқа тез сатылып кетеді. Кейін кәсіпкер әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына өтінім жіберген соң қайта жеткізіледі,- дейді Павлодар облысы кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық басқармасының бөлім басшысы Мадина Ынтықбаева.

Өзге тауарларға тоқталсақ. Бүгінде жергілікті дүкендерде 340 теңгеден арзан қант жоқ. Қыркүйек айында аталмыш өнім құны 280 теңге шамасында болған еді. Ұлттық статистика бюрорсының мәліметі бойынша ең қымбат құм шекер сатылатын қалалардың ішінде Павлодар да бар. Бағының ары қарай шарықтап кетпеуі үшін жұмыстар жасалуда.

-«Айналым схемасы» аясында 17 әлеуметтік маңызы бар тауардың бағасы тұрақты ұсталып тұр. Бұдан бөлек, азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында әлеуметтік жәрмеңке өткізіледі. Ол жерде тауарлар нарықтағыдан 15-20% төмен бағамен саудаланады. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері және сауда жүйелерімен меморандум жасалады,-дейді Павлодар облысы кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық басқармасы басшысының орынбасары Дәурен Кабдушев.

Бағаны тұрақтандыру мақсатында өңірімізде тұрақтандыру қоры жұмыс істейді. Жергілкті бюджеттен қорды өніммен толықтыру үшін 1,5 млрд теңге бөлінді. Оның 1,1-іне тауар сатып алынды

-Бүгінгі таңда тұрақтандыру қорында 6 мың тоннадан аса өнім бар. Олар тұрақтандыру қорының серіктес дүкендеріне жіберіледі. Қазір облыс бойынша олардың саны 178, - дейді «Павлодар» ӘКК» АҚ департаментінің директоры  Данияр Шаймарданов.

Қазіргі таңда тұрақтандыру қорында екі мың тонна қант сақтаулы. Алдағы уақытта қорды жұмыртқа және сүт өнімдерімен толықтыруды жоспарлап отыр.