• Басты бет
  • Қоғам
  • Павлодарда «ерекше» балаларға арналған спорт секциялары жұмысын бастады

Павлодарда «ерекше» балаларға арналған спорт секциялары жұмысын бастады

Галина Ивановна - аутизмге шалдыққан бала тәрбиелеп отырған ана.12 жастағы Степанның тұлға ретінде қалыптаса бастауына спорт жағымды әсер етті дейді. Бұл ретте, қаламызда адаптивті жүзу секциялары ашылғаннан бері, жеткіншек хауызға баруға асық.

 

Жаттығулардың арқасында, алғашқы жарыстарға қатысып, бірінші жүлдесіне де қол жеткізді.

 

- Баламызбен баскетбол, волейбол ойнап, тіпті скейтбордты да іске қостық. Содан кейін ұлым әңгімелесе бастады, көзбе-көз байланыс орната бастағандығын, өзге балалармен сөйлескісі келгендігін байқадық. Содан ерекше балаларымызға спорт емдік әсер етсе,  оны жаппай, қолжетімді еткізу үшін белсенділік таныта бастадық. Нәтижесінде қазір секциялардың саны арта түсті, - дейді Галина Алексеенко.

 

Павлодарда 50-ге жуық бала қатысатын инклюзивтік бейімделген спорт секциялары ұйымдастырылды. Олардың саны 100-ден асуы әбден мүмкін, себебі ерекше балаларын спортқа тартқысы келгендер жеткілікті. Бұл жобаға Даун синдромы, аутизм және дамуындағы басқа патологиялармен бірге есту және көру қабілетінің бұзылуы диагнозы қойылған балалар қатысады. Елордалық қоғамшылдардың игі бастамасы осы күні Павлодар, Қарағанды, Шымкентте жалғасын тауып отыр.

 

- Бізге жергілікті атқарушы органдар тарапынан спорт нысандарын ұсыну бойынша көмек қажет болды. Өзіміз балалардың спорттық жабдықталуына, оқу-әдістемелік материалдарға,  оқытушылар жалақысына, біліктілікті арттыру курстарына толықтай жауап береміз. Біздің «Саламатты Болашақ» атты жобамыз әлеуметтік серіктестікті насихаттайды, - деді «Тең мүмкіндіктер әлемі» мүмкіндігі шектеулі балалар ата-аналары қоғамдық қорының төрайымы Нұргүл Ұлжекова. 

 

Барлық үйірмелер тегін. Қазіргі таңда адаптивті жүзу, хореография, футбол және баччо атты параолимпиадалық спорт түрі секциялары қолжетімді.