Павлодарда «Sport City» кешені аумағында жаңа тұрғын үйлер салынбақ
Ақпан айының басында ол тұрғындар тарапынан баспана мәселесі бойынша өтініштер жиі келіп түсетінін атап өтіп, қала әкіміне бір ай ішінде тұрғын үй құрылысын жандандырудың жаңа жобасын ұсынуды жүктеген еді.
・ Бізде өңір тұрғындарының жартысына жуығы облыс орталығында тұрады. Сол себепті қала әкіміне облыс орталығын дамытудың бас жоспары аясында, тұрғын үй құрылысын нығайтудың жаңа жолдарын іздестіруде және кешенді, орамдық құрылысқа көшуді қолға алуды тапсырған едім. Үй және оның аумағының жаңа стандарттарын қалыптастыру қажет, - дейді Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов.
Асайын Байханов облыс әкіміне ұсынған жоба бойынша жаңа мөлтек аудан спорт нысандарының айналасында тұрғызылады. Осы мақсатқа 33,7 гектар жер бөлу жоспарлануда, тағы да 23 гектардан астам аумақта мектеп, балабақша, сауда-саттық орталығы және басқа да инфрақұрылым орналастырылмақ. Үйлер №2 және №3 ЖЭО жылу көздерінің маңында құрастырылуы да аса тиімді болмақ. Сонымен бірге, кешенді 100 гектар аумақтағы жасыл белдеумен қоршау да ұсынылды. Аймақ басшысы тұрғын үй құрылысын дамыту жөніндегі жоспарды мақұлдап, жақын арада бұл мәселені қоғамдық тыңдауларға шығаруды және қала тұрғындарының пікірлерін ескеруді тапсырды.
Авторы: Дархан Бекишев