• Басты бет
  • Қоғам
  • Павлодарда құрбан шалу рәсімі биыл да онлайн форматта өтеді

Павлодарда құрбан шалу рәсімі биыл да онлайн форматта өтеді

Құрбан айт – мұсылман қауымы үшін ұлық мерекелердің бірі. Сондықтан діни басқарма дайындық шараларын бір ай бұрын бастап кеткен. Бұл тарапта басты мақсат - қазіргі эпидемиологиялық жағдайға байланысты адамдардың шоғырлануын, топтасуын болдырмау. Сәйкесінше өңірдің қандай аймаққа кіретіндігіне қарай әрекет етеді.

 

- Қалада жасыл аймаққа кірмеген болса, және жергілікті бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес біздер амал атқарамыз. Яғни қалада ол онлайн болады. Яғни адам баласы 11-12 шілдеден бастап, бізде арнайы сайт шығады. Qurban2021 деген сайты қосылады. Қосылған соң, былтырғыдай біз сайт арқылы тапсырыстарды қабылдай бастаймыз, - дейді Павлодар қаласы Мәшһүр Жүсіп мешітінің бас имамы Жолдас Қоспақұлы.

 

Құрбандық шалғысы келетін адам мен мұқтаж жандар да осы бір платформада өз өтінішін қалдыра алады. Сайтта тоқты, қой, ешкі және қара малға тапсырыс қабылданады, құны нарық талабына сай есептеледі.

 

- Ең бірінші айтқым келеді мал өсіретін кісілердің бағаларына біз кірісе алмаймыз. Мен соны анық айтқым келеді. Бізде ондай құзірет жоқ. Бірақ біз шақырамыз, біз айтамыз, біз баяндаймыз бағаны өсірмеңіздер, бағаны көтермеңіздер деп. Өйткені бұл зұлымдыққа жатып қалуы мүмкін. Барлығы шариғатқа сай өз жөнімен болуы керек, - деді Жолдас Қоспақұлы.

 

 

Және бағаға қасапшының еңбегі мен басқа қосымша шаралар кіреді. Қазіргі таңда қала әкімдігімен келісім жасалған. Барлық малды сою, оны мүшелеу, ішек-қарнын тазалау «Құлагер» ипподромында өтеді деп атап өтті бас имам. Онда тек онлайн тапсырыстарды ғана атқарады. Ал айттың нақты датасы алдағы аптада белгілі болады. Болжам бойынша ол шілденің 20-на сәйкес келуі тиіс.