Павлодарда әлі де суық батареялармен отырғандар бар

Людмила Алексеевна Катаев көшесіндегі №93-үйде тұрады. Зейнеткердің айтуынша, соңғы 4 жылда көпқабаттыда жылу мәселесі шешілмей келеді. Бүгінде жуынатын бөлме және ас үйдегі батареялары салқын. Краннан ағатын ыстық судың ең жоғары температурасы 36 градустан аспайды екен.

- Пәтерімді электр пешпен жылытуға мәжбүрмін. Ас үйде және орамал кептіруге арналған батареялар мұздай. Әйнектерім пластикалық, ешқай жерден үрлемейді. Көршілерімде осындай мәселеге тап болды. Барлық инстанцияларға хабарластық. Енді сіздердің көмегіне сенетін боламыз, - Катаев көшесіндегі №93-үйдің тұрғыны Людмила Левина.

Бұл үйдің басқа тұрғындары да мәселені растап отыр. Адамдар өз ПИК-терін кінәлауда. Биыл жылыту маусымына дайындық дұрыс жүргізілмеді деген ойларын айтты. Аталмыш шағымға байланысты тұрғын үй инспекциясы тексеріс жүргізеді.

- Катаев, 93 мекенжайындағы жағдай бойынша ертең біздің мамандар алпауыт өкілдерімен бірігіп, сонда барамыз.  Жылу кемдігін анықтау үшін тексеріс жүргізіледі. Аталмыш мекенжай тұрғындарынан бөлімге өтініш түскен емес. Сіздерден біліп отырмыз. Сол себепті ертең тексеріске шығамыз, - дейді Павлодар қаласы тұрғын-үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары Дархан Азимханов.

Жылыту маусымы басталғалы тұрғын үй инспекциясына жылыту кемдігі бойынша 150-ге жуық шағым келіп түсті. Мамандар барлық мекенжайларды тексерумен айналысуда. Әзірге жылыту кемдігі фактілері тіркелген жоқ.

 

Авторы: Айтмұхамбет Айғожа.