• Басты бет
  • Қоғам
  • Павлодардағы екі құс фабрикасы баға келісімін жасағаны рас па?

Павлодардағы екі құс фабрикасы баға келісімін жасағаны рас па?

Монополияға қарсы қызмет мамандары олқылық бар екендігін растады. Құс фабрикаларының заңсыз әрекеттерін бір жыл бұрын да анықтап, кәсіпорындарға жіберілген ескертуден кейін жұмыртқа құнын түсірген еді. Бірақ, сәуір мен қазан айларында қайтадан өнім құнының көтерілуі тіркеліп, бұл жұртшылықтың наразылығын тудырды. Монополияға қарсы қызмет қараша айынан ауқымды тексеріс жұмыстарын жасап, жақында ғана қорытынды шығарылды. Барлық материалдар «Шарбақты-Құс» және «Павлодар Құс» фабрикаларына жіберілді.

 

  • Құс фабрикаларында көтерме сауда бағасы өсімі өнімнің өзіндік құнынан әлдеқайда көп екендігі анықталды, яғни өзіндік құн 10-15% артса, көтерме сауда бағасы бірден 30-40 % -ға көтерілген. Бұл айырмашылық монополияға қарсы заңнаманы бұзу белгілері болып табылады,- дейді ҚР бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Бейбіт Молдабеков.

 

Кәсіпорында нәтижелермен келіспейтіндігін жеткізіп, бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне, келістіруші комиссияға жүгінді. Енді аталмыш ведомство шешімі күтілуде.

 

  • Алдын ала болжам бойынша «Шарбақты-Құс» 3 млн теңгеге жуық, ал «Павлодар Құс» 19 млн тг айыппұл салынуы мүмкін. Бұл шара біздің тексеріс нәтижесін келістіруші комиссия қолдаған кезде жүзеге асады,- дейді ҚР бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Бейбіт Молдабеков.

 

Құс фабрикалары заңды тұлға болғандықтан, келістіруші комиссия қорытындысын сот арқылы аппеляция жасауға да құқылы. Жоққа шығарудың барлық тетіктері қолданылғаннан кейін ғана, айыппұл төлеуге міндетті болады. Дей тұра, қазір дүкен сөрелеріндегі жұмыртқа құны еш арзандап жатқан жоқ.

 

Авторы:Дархан Бекишев