Павлодардағы көпес Деровтың сауда үйін қайта жөндеуде

2025 жылдың жазында ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Алайда көктемде әрлеу қабаты сөгіліп, бояуы қабыршақтана бастаған. Соның салдарынан құны 50 миллион теңгеге бағаланған жұмысқа қатысты ресми шағым жазылған деп хабарлайды irbistv.kz.

 

Көпес Деровтың сауда үйі – республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші. Мұнда облыстық тарихи-өлкетану музейі орналасқан. Музей қызметкерлері бұл ғимараттың жөнделуін бірнеше жыл күткен. Жобаға бюджеттен қаржы бөлінбегенімен, демеуші табылып, реставрация жұмыстарын «Қазреставрация» мамандары жүргізді. Олар шатырды жөндеп, ғимараттың қасбетін толық жаңартқан. Соның нәтижесінде төбеден су ағу мәселесі шешілді. Алайда сыртқы әрлеу ауа райының әсеріне төтеп бере алмады. Көктемде сылақтың бір бөлігі түсіп, бояуы қабыршақтана бастады.

 

-Мұның бәрі заңнамадағы кемшіліктерге байланысты дейді. Өйткені бояу, сылақ және басқа да құрылыс материалдарын жеткізушілер көбіне ең төменгі баға бойынша таңдалады. Соның салдарынан сапасыз материалдар қолданылып жатады. Бізде үш жылдық кепілдік бар. Сондықтан заң аясында осы құқықты пайдаланамыз, - дейді Потанин атындағы Павлодар облыстық-тарихи өлкетану музейінің басшысы Арман Әлиақпаров.

 

Өлкетану музейінің қызметкерлері мердігер мекеме ресми шағымнан кейін қайта келіп, ақауларды түзету жұмыстарына кіріскенін айтады. Қазіргі таңда ғимараттың артқы бөлігі қайта жөнделген, алайда атқарылатын жұмыс әлі де көп. Олардың айтуынша, егер сапасыз реставрация мәселесі тағы қайталанса, мердігерден қайтадан жөндеу жұмыстарын талап етеді. Айта кетейік, көпес Деровтың сауда үйі жергілікті маңызы бар сәулет ескерткіші – Филатов үйімен бір кешенді құрайды. Оның қасбетін қалпына келтіру жұмыстары биыл басталып, бүгінде толық аяқталған. Бұл нысанға да үш жылдық кепілдік берілген. Ал музей қызметкерлері алдағы уақытта пайда болуы мүмкін кез келген ақауды мұқият бақылауда ұстайтындарын айтты.