Павлодардағы митингіге қатысқандардың көбісі ауылдықтар
Түске қарай Сәтбаев көшесіне бір жарым мыңнан астам адам жиналды. Олар алаңнан қашқан кезде басқа көшелерде де тәртіпсіздік орнатпақшы болған.
- Біз оларға төтеп берген кезде олар көлік құралдарын тоқтатып, өздеріне қорған жасамақшы болды. 1 Мамыр - Қайырбаев көшелерінде трамвайды тоқтатпақшы болды. Металл құрылымдардан баррикада жасауға тырысты. Бұл болған деректер, - дейді Павлодар облысы ПД басшысының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.
Ал орталық алаңда бейбіт митингіні желеу еткен белсенділер шу шығаруда. Тіпті қорқыту да болды.
Бірнеше минуттан соң шеруге шыққандар әкімдік ғимаратын басып алуға әрекеттенді. Бірнеше адам ішіне кіріп үлгерді. Сонымен қатар «Open Akimat» фронт кеңсесін бүлдірген. Полицияда егер тәртіп сақшылары төтеп бере алмағанда Алматы мен басқа қалалардағы сияқты жаппай тәртіпсіздік орын алар еді дейді.
- Егер әкімдікті басып алса, онда басқа қалалардағы жағдай орын алар еді, яғни бәрін өртеп жіберуі мүмкін еді. Тәртіп сақшыларының әрекетіне түсіністікпен қарауымыз керек. Митинг бойынша, «Митингілер туралы» заңға сәйкес, оларды өткізуге рұқсат етіледі, бірақ митинг туралы мәлімдеген адам 5 күн бұрын жергілікті атқарушы органға хабарласуы керек. Көтеретін мәселелерді, өту орынын анықтап, кейін үйлестіруші қауіпсіздікті өзі жүзеге асырады, - дейді Павлодар облысы ПД басшысының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.
Естеріңізге сала кетейін, тексеру қорытындысы бойынша «Терроризм актісі» және «Билікті басып алуға немесе ұстап қалуға насихат жүргізу немесе жария түрде шақыру» бойынша екі қылмыстық іс ашылды. Алаңда болған үш ұйымдастырушы ұсталды. Айта кетейік, Павлодарда митингіге шыққандардың басым бөлігі өзін-өзі жұмыспен қамтыған ауылдықтар болды.