Павлодардағы панасыздар үшін түнгі уақытта паналау бөлмесі ашылды
Қыстың көзі қырауда көшеде бүрсеңдеп қалған үйсіздер үшін бұл керемет мүмкіндік. Сонымен қатар өмірлік қиын жағдайға тап болған тұлғаларды бейәлеуметтендіру орталығында адасқан жандарға құжатын рәсімдеп, жұмыс табуға көмектеседі деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.
Руслан Ткешевтің мұнда келгеніне 4 ай. Айтуынша барар жері, басар тауы қалмаған соң осында тұрақтаған. Күн суық, далада қаңғырғанша орталықта жағдай бар дейді. Қазір мамандары оны қарттар үйіне апару үшін құжаттарын дайындауда.
- Мен қыркүйектен бері осындамын. Барлығы ұнайды. Тамағымыз тоқ, киім бар. Барлығы таза. Медициналық қызмет те көрсетіледі. Құжаттарды реттеп, дені сауларға жұмыс та тауып береді. Керек жеріне апарып келеді. Мен қазір қарттар үйіне кету үшін кезек күтіп отырмын,-деді Руслан Ткешев.
Орталыққа түскен барлық адам педикулезге қарсы өңдеуден өтеді. Кейін дәрігерлер қарап, флюрографиядан өту үшін емханаға жібереді. Анализдері жақсы болса келісімшартпен орталыққа қабылдайды. Таза киім мен гигиеналық құралдары мен төсек орын бөліп, бөлмеге жатқызады. Күніне үш рет тамақтанады. Демалу үшін оқу және жаттығу залы бар.
- Күніне бес-алты адам түседі. Қазір бізде кешкі 6-дан таңғы 9-ға дейін түнеуге болатын 25 адамға арналған бөлмелер ашылды. Бұрын ол болмаған. Тек қонуға ғана келгендер жуындырылып, таза киім беріледі. Бірақ тамақ берілмейді. Оларға түнеп шығу үшін құжат қажет емес. Ең бастысы ішімдік ішпеген болуы керек. Кейін олар орталықта тұрақты түрде қалам десе онда әрі қарай жұмыс жүргізіледі,-деп жеткізді «Өмірлік қиын жағдайға тап болған тұлғаларды бейәлеуметтендіру орталығы» КМУ басшысының орынбасары Ардақ Сыздықов.
Биыл орталықтың бірінші қабатына күрделі жөндеу жасалып, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін лифт орнатылған. Қазіргі таңда мұнда 100–ге жуық адам тұрып жатыр. Оның 25-сі зейнеткер, ал 20-ы мүгедек. Әдетте желтоқсан, қаңтар айында адам саны күрт артады.