Павлодардағы қос мәдени нысанның шатыры сыр берді

Төбеден аққан тамшылар - «Ertis» мультимедиалық музейінің тағы бір ерекшелігіне айналғандай. Себебі мекеме бұл мәселемен ашылғалы күресіп келеді. Нәтижесінде әлі балансқа өтпеген нысанның кепілдік мерзімі өтпеген. Жыл сайын жасалатын жөндеуден нәтиже жоқ.  

 

- Барлық бейнелер мен фотоларды тапсырыс берушіге жібердік. Ол оны мердігерге жөнелтеді. Жаз айында жөндеу болған еді. Нәтижесі көңіл көншітпейді. Тиісті органдар мәселені шешетін алгоритм жасады. Осы жазда ақау реттеледі деп сенеміз, - деді «Ertis» мультимедиалық музейінің басшысы Арман Алиақпаров.

 

Мамандар құнды жәдігерлер бүлінген жоқ дейді. Жарықшалар ғимараттың оңтүстік бөлігінде. Шатыр қардан тазартылған. Көктем келе Шаңырақ орталығының да «шаңырағы» шайқалды. Мұндағы мәселе музейдегіге ұқсас. Күннің күрт жылынуына нысанның шатыры шыдас бермеген.

 

- Өткендегі күннің жылынуына байланысты біраз қар еріп төбедегі, артынан мұз қатып үлкен ауыр салмақта кішкене шатырдың отыруына байланысты су мұз үстінен өте алмай жанынан құйылған судың әсерінен осындай ыңғайсыз жағдайлар болып жатыр. Қазір осы ғимарат кепілде өңдеу жұмыстары бойынша. Жарты жылдық уақыты бар, - деді Иса Байзақов атындағы облыстық филармония басшысы Амангелді Қожанов.

 

Сахналық костьюмдер мен аспаптар аман. Ауа райы қолайлы болған сәтте жауапты мердігер бәрін реттеп береді дейді. Әзірге өз күштерімен амалдап отыр. Мердігер ғимарат қасбетін жасайды. Айта кетейін, нысан «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында қайта жөндеуден өткен.