Павлодардың ең таза ауласы анықталады

 

Павлодар қаласында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында «Таза аула» байқауы жарияланды. Оған сәйкес мамандар көпқабатты үйлердің абаттандырылуын, тазалығы және әдемілігін тексеретін болады. Үздіктерге бағалы сыйлықтар қарастырылған деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.

 

Республикалық акция аясында ұйымдастырылған науқанға мүлік иелерінің бірлестіктері, қарапайым серіктестік және көпқабатты үйлердің тұрғындары қатыса алады. Әкімдікте «Таза аула» жеңімпазын қалай анықтайтындарын жеткізді.

 

- Бағалау критериіне келетін болсақ, үйге жақын телім, балалар және спорт алаңының тазалығы тексеріледі. Оған қоса, ақпарат тақтасының бар болғанына ұпай беріледі. Үйдің мекенжай тақтайшасы, кіреберіс нөмірі сонымен қатар, гүлдер мен ағаштардың күтімі де қаралады. Ортақ мүліктің жағдайы да тексеріледі,-деді Павлодар қаласы әкімі баспасөз қызметінің бас маманы Дариға Абишева.

 

Жеңімпаздардың барлығына алғыс хаттар қарастырылған. 1, 2 және 3-ші орын алғандарға бағалы сыйлықтар табысталады. Науқанға қатысу үшін экранда көрсетілген поштаға өтініш жіберіп немесе 62-33-22 нөміріне хабарласу керек. Өтініштер қазанның 19-ына дейін қабылданады.