Павлодардың жағалауы жаңарады
Қаланы абаттандаруға 1,5 миллиард теңгеден астам ақша бөлінді. Олардың қатарында жағалау да бар. Бұл ретте мұндағы атқарылатын жұмыстарға 350 миллион теңгеден астам бөлінді. Мәселен Усолка жағалауын жөндеу 2022 жылдың екінші жарты жылдығына жоспарланған. Депутаттар оны қалай өзгерту керектігін жергілікті тұрғындардан сұраған жөн деді. Сонымен бірге орталық жағалауда да бірқатар өзгерістер орын алмақ.
- Жағалаудағы басты сахна Ertis Promenade қалпына келтіріледі. Оған 20 миллион теңге қарастырылған. Пандемия басталғалы онда еш шара өткізілмеді. Биыл жазда әр демалыс сайын Қазақфильмнің алтын қорындағы сүйікті кионолар көрсетілетін болады. Сонымен қатар басқа да мәдени шаралар жоспарланған, - дейді Павлодар қаласының әкімі Асайын Байханов.
Айта кету керек, орталық жағалауда суға түсу үшін екі айлақ пайда болады. Біреуі мүгедектер үшін. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандар суға түсу үшін арнайы жолақтар орнатылмақ. Бұл шараларға сәйкесінше 25 және 11 миллион теңге жұмсалмақ.
Авторы: Бибінұр Хамитқызы