Павлодардың жекеменшік сектор тұрғындары бақшаларын суара алмай отыр
Бау-бақшамызды жаңбыр құтқарды. Екінші Павлодар ауданының жеке сектор тұрғындары суармалы жұмыстарға арналған судың жоқтығына шағымдануда. Айтуларынша, биыл алпауыт оны қоспаған.
Одесская көшесінің тұрғындары суармалы судың мәселесі бірнеше жыл бұрын пайда болғанын айтуда. Жеке сектор бойындағы жер астында көктемде іске қосылатын құбырлар тартылған. Биыл алпауыт су беруге асықпауда.
- Жыл сайын осы. Құбырда ақау болса, әрдайым оны өз күшімізбен жөндейміз. Түбіртектерді уақытында төлейміз. Су беріңдер деп барлық инстанцияларға хабарластық. Алпауыт ол сендердің жеке желілерің дейді. Жеке болсын, бірақ сендер су беріңдер, - деді Одесская көшесіндегі №113-үйдің тұрғыны Людмила Курила.
Адамдар суға есептеуіш құралының көрсеткіші бойынша төлем жасайды. Айына бір үйден шамамен 150-350 теңге шамасында. Сонымен қатар, суармалы су мәселесіне Пензенская, Московская, Ленинградская және Омская көшелері тап болды. Осыған байланысты редакция тарапынан алпауытқа ресми сұраным жіберілді. Олардан: «Суармалы жұмыстарға қажетті су берудің нақты мерзімі жоқ. Заң бойынша уақыт белгіленген емес. Барлығы ауа райы және жердің температурасына байланысты. Өткен жылдары суармалы су мамыр айының басында берілді» деген жауап келді.
Алпауыттың жазбаша жауабына сәйкес, екінші Павлодар ауданына суармалы суды сынақ түрінде жіберу кезінде 6 ақау анықталды. Қазіргі уақытта, екі олқылық жойылды. Қалғандары жөндеуден өткен соң бақша құбырлары іске қосылады.

