Павлодардың үштен бір бөлігінде ғана ыстық су бар

Наталья Гукова Бектұров көшесіндегі №71-үйде тұрады. Екі ай бұрын өткен сынақтардың қорытындысына сәйкес аулада осындай шұңқыр пайда болған. Сол кезден бастап көпқабатты қайнақ сусыз отыр. Зейнеткер опырылған жерге балалар құлап қалады деген алаңдаушылығын білдірді.  

 

- Олар бұл жерді қоршап қойып, бір аптадан кейін келеміз деді. Сол уақыттан бері екі ай өтті. Жаңбыр салдарынан бұл шұңқырдың көлемі өсуде. Қасында балалар алаңы орналасқан. Құлап кетсе, не болатынын да білмеймін, - дейді Академик Бектұров көшесіндегі №71-үйдің тұрғыны Наталья Гукова.

 

Энергетикалық компания өкілдері 15-ші тамызда кезекті гидравликалық сынақтар аяқталғанын мәлімдеді. Бүгінде желінің зақымдалған жерлері анықталуда. Олардың саны аз емес.

 

- Жыл басынан өткізілген барлық сынақтардың қорытындысы бойынша 517 олқылық анықталды. Олардың 317-сі қалпына келтірілді. Жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сай жүргізілуде. Ең алдымен магистральдегі олқылықтар кейін орамішілік аумақтарда жұмыстар жүргізіледі, - дейді энергетикалық компанияның қоғаммен байланыс бөлімінің жетекші маманы Роман Гончаренко.

 

Бүгінде Павлодардың 428 көпқабаттысына қайнақ су берілсе, қалған 817-сі күтіп отыр. Магистральдегі 14 ақау жөндеуді қажет етеді. Орамішілік аумақтарда 180 жерді қалпына келтіру керек.

 

Авторы: Айтмұхамбет Айғожа.