• Басты бет
  • Қоғам
  • Павлодарлық аулаларда жасанды кедергілер алынып тасталды

Павлодарлық аулаларда жасанды кедергілер алынып тасталды

 

 

Павлодарда ТЖД қызметкерлері полициямен бірлесіп, «Өрттен сақтан» акциясын өткізді. Рейд барысында арнайы техниканың өтуіне кедергі келтіретін бетон блоктар, металл конструкциялар мен шлагбаумдар алынды деп хабарлайды irbistv.kz. Шараның негізгі мақсаты — өрт сөндіру және жедел жәрдем көліктерінің тұрғын үйлердің аулаларына кедергісіз кіруін қамтамасыз ету.

 

Акция барысында мамандар облыс орталығының бірнеше ауласын аралап, арнайы техниканың қозғалысын қиындататын жасанды кедергілерді анықтады. Солардың бірі — Айманов көшесі, 47/1 мекенжайындағы аула. Мұнда тұрғындар өз беттерімен шлагбаум орнатып қойған. Тұрғындардың қарсылығына қарамастан, құтқарушылар кедергіні арнайы құралдың көмегімен кесіп алып тастады. Мамандардың айтуынша, мұндай тосқауылдар төтенше жағдай кезінде мамандардың оқиға орнына дер кезінде жетуіне кедергі келтіруі мүмкін.

 

-Өрт қауіпсіздігі қағидалары бойынша шлагбаум орнатуға болады. Бірақ ол өрт сөндіру техникасының өтуіне кедергі жасамауы керек. Яғни ешқандай техникалық құралдарсыз ашуға болатындай етіп жасау керек. Немесе тәулік бойы кезекшілігі бар бекеттер орналастыру қажет, — деді Павлодар қаласы ТЖБ инженері Рүстем Оразбай

 

Сонымен қатар құтқарушылар көліктерін дұрыс қоймау және жол бойына ретсіз қалдыру фактілеріне қатысты да рейд жүргізді. Аулаларда көліктердің ретсіз орналасуы өрт сөндіру және жедел жәрдем көліктерінің оқиға орнына жылдам жетуіне кедергі келтіруі мүмкін.

ТЖД қызметкерлері тұрғындарды қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырады. Әрбір тұрғын аула аумағында арнайы техниканың еркін қозғалысына кедергі келтіретін нысандардың болмауына жауапты.Төтенше жағдай кезінде бірнеше минуттың өзі адам өмірін сақтап қалуда шешуші рөл атқаруы мүмкін.

Жыл басынан бері Павлодар облысында осындай 17 рейд өткізіліп, оның барысында 30-дан астам заң бұзушылық анықталған.