Павлодарлық саяжайларда зиянкес қоңыздарға қарсы өңдеу жүргізілуде
Бағбандарға рапс жапырақ жемірі атты қоңыздарға қарсы өңдеу препараттары таратылуда деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.
Рапс жапырақ жемірі атты қоңыз саяжайларда бұрын соңды кездескен емес дейді тәжірибелі бағбандар. Көкөніс өсінділерінің жапырақтарын кеміретін қоңыз Колорадо қоңызына ұқсайды дейді, бірақ, әлдеқайда жылдам екен. Сондықтан зиянкестерден құтылу амалын таба алмай, қолмен жинауына тура келген.
-Бұрын Колорадо қоңызы кездесетін, ол тек картоп жапырақтарын жейтін. Ал мынандай қоңызды бірінші рет көрдік. Ол жасыл өсімдіктердің барлығын жей береді екен. Ештеңе талғамайды. Басында су, спирт шашып едік, жойылатын түрі жоқ. Енді препаратпен өңдеп көреміз. Бірақ, одан кейін жасыс өсімдіктер жеуге жарамайтындығы қиын,- дейді Любовь Отинова.
Рапс жапырақ жемірінің қаптап кетуі барлық өңірімізде көрініс табуда. Карантин жасайтындай, егістікке аса қауіпі ауқымды деп айтуға келмейді. Дегенмен, саяжай баптайтын жерлестеріміз үшін кедергі келтірері анық. Сондықтан Павлодардағы 19 бағбаншылықтардың барлығына арнайы өңдеу концентраттары таратылды. 1 литрі сұйықтықты 500 литр сумен араластыру қажет. Саяжай иелері бұндай бастаманы қуана қолдап, бағбаншылықтар бір күнде 200 литрлік бөшкедегі сұйықтықты таратып үлгерген.
- Аталмыш зиянкестер қаламыздың солтүстік бөлігіндегі бағбашылықтарда анықталды. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша барлық саяжай төрағаларына арнайы өңдеу жүргізу концентраттарын тараттық. Саяжай иелері, бағбаншылық әкімшілігіне барып, сұйықтықты құйып ала алады,-деді Павлодар қаласы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Батыр Муталапов.
Шенеуніктер арнайы препаратты сатып алу үшін бюджеттік емес, демеуші қаражатын жұмсағандығын жеткізді. Саяжайларында зиянкестерді тапқан павлодарлықтар ғана емес, қоңызды болуын алдын алғысы келгендер де сұйықтықпен өңдеу жүргізуде.