Павлодарлық жас жұбайлар некелерін кабинет ішінде қиюға мәжбүр
Тұрғындар бірнеше жылдан бері қалада Неке сарайы қажет екенін айтып келеді. Алайда әзірге бұл бағытта нақты өзгеріс жоқ деп хабарлайды irbistv.kz.
Вадим мен Александра әзірге АХАТ-қа өтініш беру үшін қажетті құжаттарын жинап жүр. Үйлену тойын бір айдан кейін өткізуді жоспарлаған. Әрине, жастар бұл күннің ерекше әрі есте қаларлық болғанын қалайды. Алайда салтанатты неке қию рәсімінің қалай өтетіні әзірге өздеріне де белгісіз.
-Рәсімнің салтанатты түрде, үлкен залда өткенін қалар едік. Байы да, кедейі де әдемі көйлек, сәнді костюм киіп келіп, осы күннің барлығына ерекше әрі есте қаларлық болғанын қалаймыз, - дейді Вадим Кузьменко.
Ал павлодарлықтардың басым бөлігі үшін неке қию рәсімі қарапайым кабинетте өтеді. Қызметкерлер, әрине, мерекелік көңіл-күй қалыптастыруға тырысады. Дегенмен қосымша ақы төлеп, рәсімді мүлде басқа жағдайда өткізуге болады. Бұл қызмет Дюсенов көшесі, 80 мекенжайындағы ХҚКО-да қолжетімді.
-Неке қию рәсімі арнайы жабдықталған салтанатты залда өткізіледі. Шараға АХАТ қызметкерлерінің некені салтанатты түрде тіркеуі, жас жұбайлардың алғашқы биі, яғни біз оны вальс деп атаймыз, сондай-ақ фуршет кіреді. Салтанатты неке қию рәсімінің орташа ұзақтығы 15-20 минутты құрайды, - деп мәлімдеді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ Павлодар облысы филиалы директорының м.а. Рахат Кошанов.
Салтанатты залдағы неке қию рәсімі тек жұмыс күндері өткізіледі. Мұнда жас жұбайлар «Иә» деп жауап беріп, неке қию туралы құжаттарға шын мәнінде қол қояды. Ал мейрамханада өтетін шарада неке туралы куәлік алдын ала рәсімделіп қойылады, ал салтанат тек көрініс ретінде өткізіледі.Ақылы қызметтің құны — 20714 теңге.Ал шенеуніктердің жоспарында Неке сарайын салу мәселесі де бар.
-2023 жылғы 29 желтоқсандағы Павлодар қаласы әкімдігінің қаулысымен бекітілген жоспарлау жобасына сәйкес, Қамзин мен Циолковский көшелерінің аралығындағы аумақта Неке сарайын орналастыру қарастырылған, - деп мәлімдеді Павлодар қаласы әкімдігі баспаөз қызметінің бас маманы.
Жобаны әзірлеу жұмыстары әлі басталған жоқ, оған қаржы да бөлінбеген. Сондықтан әзірге нақты мерзім туралы сөз қозғаудың өзі ерте. Ал әзірге павлодарлық жас жұбайлар шағын кабинетте некелерін қиюға мәжбүр.
Автор: Бибінұр Хамитқызы
