Павлодарлық 4 балалы ана жетім ретінде баспана кезегінде 8 жылдан бері тұр
30 жастағы Нина Лобанова жетім өскен. 4 бала тәрбиелеп отырған ана отбасымен бірге өз пәтерінде тұруды армандайды. Уақытша күйеуінің туыстары үйін паналауда. 2013 жылдан бері «жетімдер» санаты бойынша баспанаға кезекте тұрғанымен нәтижесіз дейді.
- Мен әкімдікке жүгінген болатынмын. Нәтижесіз. Өз кезегіңізді күтіңіз деген хат келді. Әкіммен инстаграм арқылы байланысқа шықтым. Ол маған құрылыс жүріп жатқан жоқ деп жауап берді. Алайда Павлодарда салынып жатқан үйлер бар, - дейді Нина Лобанова.
Қаржы бөлімінде Нина Лобанованың 8 жыл кезекте тұрғанын растады. Қазір мыңыншы. Баспананы әлі де күтуге тура келеді. Тек кезегі келгенде беріледі.
- Мысалы жыл сайын бізде шамамен 72 пәтерлі бір үй жоспарланады. Тұрғын үйді бөлу әдістемесіне сәйкес кезекте тұрғандарға 20 пайызы бөлінеді. 72 пәтер болса, шамамен 14 пәтерді жетімдер санатына жататындар ала алады, - деп түсіндірді Павлодар қаласы қаржы бөлімінің сектор меңгерушісі Ақерке Еламанова.
Айта кететіні, қазіргі таңда қала бойынша баспанаға мұқтаж 15400 адам тіркелген. 2456-сы - ата-ана қамқорынсыз қалған жетімдер. Қаржы бөлімінде кезектегілер бастапқы жарнаны жинап тұрғын үй бағдарламаларына да қатыса алатынын айтты.