Павлодарлық ауған соғысына қатысқан жауынгердің әкесі ескерткішті өзі тазалап жүр
Ауған саябағындағы ескерткіштің маңында гүл егілмеген, тіпті жауынгерлердің аты-жөндерін аңғару қиын. Себебі қаулаған қарағай оған мүмкіндік бермейді. Майдан даласында қаза тапқан Аслан Магуловтың әкесі осы маңды өзі келіп реттеп отыратынын айтты.
- Менің баламның ескерткіші жанында тағы екеуі тұр. Бәрі салтақ-салтақ, гүл отырғызылмаған, жан-жағы жиналмайды. Енді мен баламдікін жазда бір-екі рет келіп жуып отырдым. Өйткені үстінен смола ағады қарағайдан. Осыны сұрайтыным мынау ағашты кесіп бір жөнге түсірсе деп, - деді Отан Магулов.
Бір қызығы маңындағы ескерткіштердің айналасы тып-тиянақтай. Ардагер тиісті шараларды қолдануын сұрап қалалық әкімдікке хат жазған. Бірақ жауап ала алмапты. Бұл ретте, билік өкілдері аталмыш саябаққа мамандардың жіберілетінін жеткізді.
- Қала аумағындағы саябақтарды тазарту жұмыстары үнемі жүргізіледі. Бұл орта есеппен аптасына 2 рет. Олардың қатарында Ауған саябағы да бар. Оған ТҮКШ бөлмінің екі мердігері жауапты. Аталмыш шағым бойынша мамандар осы орынға барып тиісті шараларды қолданады, - деді Павлодар қаласы әкімі баспасөз қызметінің басшысы Салтанат Әкімбекова.
Айта кетейін, қала көлемінде жалпы саны 43 саябақ бар. Шағын сәулет нысандарын жөндеу жұмыстары қазіргі таңда қарқынды жүргізілуде.