• Басты бет
  • Қоғам
  • Павлодарлық фирма өндірісте зардап шеккен қызметкердің созылмалы дертке шалдыққанына күмән келтіруде

Павлодарлық фирма өндірісте зардап шеккен қызметкердің созылмалы дертке шалдыққанына күмән келтіруде

Бүгін тараптар апелляциялық сотта кездесті. Бірінші инстанцияда павлодарлық фирма жеңіліп қалды. Бірнеше жыл бұрын цехта қызметкерге 2 тоннаға жуық шыны түскен. Зардап шеккен адам ұзақ уақыт емделген, нәтижесінде дәрігерлер оған остеомиелит диагнозын қойған. Еңбек инспекторлары жұмыс берушінің 100 пайыз кінәсін анықтаған. Компания бұл бойынша дау туғызбай  бұрынғы қызметкерге мүгедектігі үшін жалақының 25 пайызын бір жылдан астам уақыт төлеп келген. Алайда, 2020 жылы олар диагноздың дұрыстығына күмәнданған. Олар қайта тексеруге тырысқан, бірақ бұрынғы қызметкер одан бас тартқан. Кейіннен мәселе бойынша сотқа жүгінген.

 

- 2020 жылдың 3 желтоқсанынан бастап диагноздың дұрыстығын бағалау үшін жүгінген кезде олар осы тексеруді жүргізді. Тексеруге ештеңе кедергі болмады. Ал қазір барынша амалын тауып осы тексеруді жасаудан қашып отыр, - деді фирманың заңгері.

 

- Егер біз медициналық көмек көрсету сапасын бақылауды жүзеге асырсақ  және дәрігердің тексерулері мен диагностикасын толық көлемде сақтамағанын байқасақ та, бұл мәселелер остеомелитпен ауыру фактісін жоққа шығармайды, - деп мәлімдеді денсаулық сақтау басқармасының өкілі.

 

Департаменттегілер тексеру жүргізу үшін пациенттің келісімі қажет дейді, әйтпесе медициналық құпияның бұзылатынын айтты. Жәбірленуші өз кезегінде  рұқсат бермейтінін мәлімдеді. Апелляциялық алқа ақырында фирманың талабынан бас тартып, бірінші инстанция шешімін өзгеріссіз қалдырды. Бұл ретте, кассациялық тәртіппен шағымдану құқығы болмайды.