Павлодарлық компания әйелдерді мерекемен құттықтады

Алмагүл Әбіловаға көктемнің алғашқы мерекесіне орай, «Hagi-Павлодар» компаниясы күтпеген тосын сый жасады. Торт пен гүлшоқтардан бөлек, мейірімді жандар үлкен сөмкеге толы қажетті азық-түлік жинағын табыстады. Күйеуінің қазасынан кейін Алмагүл екі баласын жалғыз асырауда. Жуырда сырқаттанып, уақытша қаражатсыз қалды.
- Өмір сүру үшін қаражатым таусылды. Қазір аздап сырқаттанып қалдым. Үйден жұмысқа шыға алмаймын. Осы уақытқа дейін балаларымен азық-түліксіз отырған едім. «Hagi» компаниясына көрсетілген көмек үшін алғысым шексіз, - деді Алмагүл.
Георг Шпейзердің атынан тағы бір гүлшоғы мен азық-түлік жиынтығы еңбек ардагеріне табысталды. «Hagi-Павлодар» фирмасы Галина Ивановнаға оның алдында да көмектескен болатын. Бүгінде олар тағы 10-ға жуық қиын жағдайға тап болған әйелді құттықтады. Әрбіреуі азық-түлік жиынтығымен қамтамасыз етілді.