Павлодарлық көлік жүргізушілерге көпірлердің күрделі жөндеуін күтудің қажеті жоқ
Ал жүргізушілер болса кейбір өткелдерге қомақты қаражат бөлу керек деп санайды. Қалада барлығы тоғыз ұсақ көпір бар, көбісі Павлодардан шыға берісте. Ең үлкені мына Успен көпірі. Бұл жерден көбінесе үлкен жүк көліктері өтеді. Сол себепті өткел шұрқ тесік. Көлікқұмарлар жүру мүмкін емес дейді.
- Үстінде шұңқырлар бар, жөндеу керек. Міндетті түрде қарастыру керек. Түрлі жағдайлар болып қалуы мүмкін,- дейді қала тұрғындары.
Павлодардағы барлық көпірдің жалпы ұзындығы он шақырымнан асады. Успен көпірінен басқа өткелдердің де жағдайы жетісіп тұрғаны шамалы. Биыл жол өткелдерін жөндеуге 24 миллион теңге бөлген.
- Мердігерлік ұйымды анықтау үшін конкурстық рәсімдер өткізілуде. Аталмыш шараға қоршауларды, темір бетон жиектастарды тазарту, жуу, шаю, бояу және майысып қалған бөліктерінсекілді жұмыстар кіреді, - дейді Павлодар қаласы ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі Бауыржан Аралов.
Естеріңізге сала кетсек, шұңқырларды жаңа технология бойынша жамайды. Соңғы рет Павлодарда тек Назарбаев даңғылындағы көпірді күрделі жөндеген. Оған 2014 жылы құрылымын бекітіп, асфальтты қайта төсегені үшін 130 миллион теңге жұмсады.
Авторы: Бибінұр Хамитқызы