Павлодарлық мектепте болған өрттің себебі анықталды
Өртке қарсы қызмет ардагері Асқар Әлбеков осындай пікірде. Маман біздің тілшімен бірге от шыққан физика кабинетіне барды. Естеріңізге сала кетсек, оқу орнының шатырын жалын шарпып, тілсіз жаумен екі сағаттан аса уақыт күресті. Асқар Әлбеков қазір зейнетте, өртке қарсы қызметте 30 жылдан астам жұмыс істеген. Ешқандай қорытынды шешім шығара алмаймын дейді, тек сыртынан қарайды. Дегенмен де жалын дәл осы физика кабинетінен басталғанына сенімді.
-Өрт себебі бірнеше нұсқа. Көбінесе өртке адами фактор себеп. Адамдар сөндіруге, қосуға, тоқтан ажыратуға ұмытып кетеді немесе жарамсыз электр құралдарын қолданады. Оның барлығын сараптама анықтайды,- дейді өртке қарсы қызмет ардагері Асқар Әлбеков.
Қазір мектепті тәртіпке келтіруде. Алда ауқымды жөндеу күтіп тұр. Облыс әкімі жиналыс барысында оқу орнын қысқа мерзімде қалпына келтіруді тапсырды, аймақ басшысының қорынан ақша бөлінеді. Ал өртке қарсы қызмет ардагерлері тек өз кеңесін ұсына алады. Қорытындыны сарапшылар шығарады. Әзірге алдын ала болжамдар.
-Өрттің себебі қысқа тұйықталудан болған. Бұл жерде қолдан жасалған электр ұзартқыш қолданылған. Біз тексерістер нәтижесінде барлық мектептерге міндетті түрде барлық ғимараттың электр техникалық бөлігіне назар аударуды сұраймыз,- дейді Павлодар қаласы ТЖБ басшысыРинат Валишанов.
Айта кету керек, 28 мектепте болған өрт шығынын әлі есептеу қажет. Ал бірінші мектепті қалпына келтіріп жатыр. Еске сала кетсек, мұнда сәуірдің 15-і өрт шығып, 15 шаршы метрдей алаң өртке оранған еді. Білім бөлімінде демеуші қаражаты есебінен жөндеп жатқанын айтты. Ал тілсіз жауға қасақана от қою себеп болған. Бұл ретте сарапшылардың пікірі қажет емес.
Авторы:Артем Клеван