• Басты бет
  • Қоғам
  • Павлодарлық мүмкіндігі шектеулі жандар үлкен жетістікке жетуде

Павлодарлық мүмкіндігі шектеулі жандар үлкен жетістікке жетуде

61 жасар Берік Әлжанов – І топ мүгедегі. Аяғынан айырылғандықтан, күнделікті өмірде протезбен жүреді. Бірақ, спортпен айналысу үшін еш кедергі емес дейді. Жүзумен шұғылданып жүргеніне 6 жыл.

- Басында, аяқсыз жүзу деген не сұмдық? Бұл қалай? Деп ойлайтынмын. Сосын бапкерлер үйретті, түкте қиын емес екен. Бұрын бокспен айналысқанмын, өте ұқсас қимылдар. Сондықтан тез меңгеріп, маған өте пайдалы әсер етті, - дейді Берік Әлжанов.

Өз білгенін, іс жүзінде жастарға көрсетуге асық. Оған қараған балақайлар мен жасөспірімдер жаттығуларға жиірек келуде. Карантин салдарынан көптен бері өтпеген мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған қалалық жарысқа 60 қатысушы келді. Жүзудің түрлі тәсілдері бойынша сайысқа түсті. Арасында, жас балалар өте көп. Олар үшін жүзуге келіп, барлығымен күресу, үлкен қадам.

- Көп жерде мүмкіндігі шектеулі балаларды қабылдай қоймайды. Біздің спорт мектептерінің көбісі бұл балаларға ашық деп айта алмаймын. Бірақ, олар да жарысуды жақсы көреді. Жеңіске жеткенді ұнатады. Сондықтан біздің турнир ашық, ауылдан, аудандардан қатысуға болады. Жүзумен әрі қарай айналысқандарын қалаймыз. Баланы қызықтыру керек, - дейді мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы жүзу бойынша облыстың аға жаттықтырушысы Гүлмира Айгужинова.

- Менімен бірге жүзіп жүрген балақай, бұрын жүре алмайтын. Арбаға отырып қана қозғалған. Ата-анасы жүзуге, жаттығуға әкеліп, бапкермен жұмыс жасағанның арқасында, ол қазір жүреді де, суда жүзіп те үйренді. Өз-өзіне жол салып, мінезін шыңдап, сауығып келеді ғой. Үлкен пайдасы бар. Бұл салаға көбірек көңіл бөлу қажет, - деді Берік Әлжанов.

Бұл жерде жас ерекшелігі жоқ. Жүзуге 10 мен 70 жас аралығындағылар қатыса алады. Тұғырдағы орындар әртүрле, бірақ олардың барлығы жеңімпаздар. Ұйымдастырушылар кішігірім естелік сыйлықтар ұсынды.

 

Авторы: Дархан Бекишев