• Басты бет
  • Қоғам
  • Павлодарлық отбасы төбесі жабылмаған лашықта тұрып жатыр

Павлодарлық отбасы төбесі жабылмаған лашықта тұрып жатыр

Олеся Хлебникова лашықты 65 мың теңгеге жалдап тұратынын айтады. Үш кішкентай баласы бар. Кішісі Даун синдромымен туған. Отбасы мүгедек баласының 90 мың теңге зейнетақысына күн көріп отыр. Олесяның айтуынша күйеуі циррозға шалдыққандықтан жұмыс істей алмайды. Тұрып жатқан баспананың жағдайы сын көтермейді. Оны жөндеп алуға қаражат жоқ.

 

- Күн суытқан сайын мұндағы температура да төмендей түседі. Төбесі жабылмаған үйде пеш жаққаннан пайда жоқ. Балалаларым жиі ауырады. Күн суытпай мына үйдің төбесін жауып алу керек. Жаңбыр жауғанда су сарылдап ағады. Кейін қабырғаларды көк басты. Күн жылы кезде балалармен далада ұйықтаймыз. Қазір маған құрылыс материалдары керек, - дейді Олеся Хлебникова. 

 

Қазірдің өзінде бөлме іші мұздай болғандықтан далаға төсек салып қойған. Айтуынша балалар сонда жатып жылынады. Жаңбырлы маусым келгенше баспананың төбесін жаппасақ жағдайымыз қиын дейді. Ал бүгін бұл отбасы туралы әлеуметтік желіден білген павлодарлық абақты қызметкерлері  өз атынан көмек көрсетуді шешкен.

 

- Кеше келіп жағдайларымен таныстым. Оларға шатырдан су ақпау үшін құрылыс материалдары керектігін білдім. Бір адамды тауып соған қанша әрі не керек екенін санатып алдық та бүгін барлығын алып келдік. Құрылыс материалдарымен қатар отбасыға азық-түлік жинағын да табыстадық, - деді АП 162/2 мекемесі басшысының тәрбие жұмысы бойынша орынбасары Сұлтан Бакин.

 

 

Бүгін құрылыс материалдарынан мұнда гипсокартон, жылытқыш материал мен азық-түлік жинағын әкелді. Абақты қызметкерлері көпшіліктен отбасыға көмек көрсетуді сұрайды. Себебі күн суытқанда жағатын не ағаш, не көмір жоқ.

 

Авторы: Бибінұр Хамитқызы