Павлодарлық оқушылар жазда жұмыс істеп ақша таба алады
Осы орайда эпидемиологиялық жағдай тұрақты болса, түрлі бағыттағы 750-ге жуық лагерь жұмыс істейді деп жоспарлануда. 32 мың оқушы мектеп жанындағы 300 лагерьде, 68 мыңнан астамы 409 мектептер мен қосымша білім беру ұйымдарындағы профильдік лагерьлерде демалады.
- Мектеп жанындағы емес, сауықтыру лагерьлеріндегі бала саны жобалық қуаттылығына қарай 30% құрауы тиіс. Ондағы барлық қызметкерлер мен демалатын балалар ПТР тест тапсыруы тиіс. Аз қамтамасыз етілген отбасыдан шыққан балалар үшін ПТР тест үшін ақша жаппай оқыту қоры қаражатынан төленеді, - деді Павлодар облысы білім беру басқармасының тәрбие жұмысы және қосымша білім беру бөлімінің басшысы Гүлтан Кощегулова.
Айта кету керек, аз қамтамасыз етілген отбасылардан шыққан 10 мыңнан астам бала мектеп жанындағы және қала сыртындағы лагерьлердегі демалыспен қамтылмақ. Сонымен қатар 14 жасқа толған және одан үлкен оқушылар жазғы кезеңде бейінді лагерьлерде еңбек етіп, 21 мыңнан 61 мың теңгеге дейін ақша таба алады.
- Олар абаттандыру және көгалдандыру, мектеп орманшылығы жасақтарында және кәсіпорындарда жұмыс істей алады. Бұл ретте еңбек жасақтарында аз қамтылған отбасылардан шыққан 2 мыңнан астам оқушыны жұмыспен қамту жоспарлануда. Жалақы жұмыс істеген бағытына байланысты болады, - деді Гүлтан Кощегулова.
Сонымен бірге жазғы демалысты онлайн өткізу мүмкіндігі де қарастырылған. Мұнда балалар үшін топтық шеберлік сабақтары, тақырыптық сабақтар, түрлі үйірмелер мен байқаулардың тегін курстары ұйымдастырылады.

