Павлодарлық жылы аялдамалардың жағдайы сын көтермейді

Қар түспесе де күн салқындады. Жолаушылар тоңбас үшін орнатылған жылы павилльондардың жағдайы осындай. Кілті бар, бірақ есігі айқара ашық. Қолайсыз ауа райы мен суықтан қорғануға арналған заманауи аялдама бүгінде қараусыз қалған бөлмеге көбірек ұқсайды. Ішіне кірген сәттен-ақ мұнда көптен бері тазалық жұмыстары жүргізілмегені байқалады. Жылынып алу да мүмкін емес, себебі кондиционер орнатылмаған. Сондықтан павильонның бос тұруы таңғаларлық емес. Ал сыртта қоғамдық көлік күтіп тұрған адамдар аз емес. Алайда олардың ешқайсысы аялдаманың ішіне кіргісі келмейді.

Шөкин көшесіндегі университет аялдамасы жабық тұр. Далада тоңып, қоғамдық көлік күтіп тұрған жолаушылардың ішке кіріп, жылынғысы келгенімен, оған мүмкіндігі жоқ. Ішінде бар үстеліне ұқсас жиһаз орналасқан. Сырт көзге бұл жұмыс істемейтін жылдам тамақтану орны сияқты көрінуі мүмкін. Алайда есігінде аялдаманың жұмыс кестесі көрсетілген. Яғни, бұл – жолаушыларға арналған жылы аялдама.

-Павлодар қаласының сәулет бөлімі жеке кәсіпкерге аталған аялдама павильонына тұрғындардың еркін қол жеткізуін қамтамасыз ету қажеттігі туралы хабарлама жолдаған. Торайғыров көшесінде орналасқан бұл аялдама павильоны 2019 жылы орнатылған. Қазіргі уақытта ол кәсіпкердің жалдауында, - ПавлодарқаласыәкімібаспасөзқызметініңбасшысыМақпал Қаржаубай.

Павильонның қазіргі мүшкіл жағдайын кәсіпкер вандализм әрекеттерімен түсіндірді. Оның айтуынша, белгісіз біреулер есікті бүлдірген. Қазір жаңа есікке тапсырыс берілген. Апта соңына дейін есік ауыстырылып, павильонның іші ретке келтіріледі. Жалпы, Павлодар қаласында 15 жылы аялдама бар. Оның төртеуі кәсіпкерлердің қаражаты есебінен орнатылған. Қалғандары бюджет қаражатына салынған. Олардың қатарында «Конституция алаңы» аялдамасы да бар.