Павлодарлық әйел 3 баласымен апатты үйде жалғыз қалған

Расковой көшесіндегі №3-үйде жалпы 8 пәтер бар. Олардың жартысын қожайындары жалға тапсырып отырған. Қалған 4-еуі меншік иелеріне тиесілі. Жуырда үй апатты деп танылып, оны бұзу шешімі қабылданды. Сәйкесінше тұрғындарға жалдамалы пәтер іздеу қолға алынды. Бүгінде Ирина Климовадан басқа барлығын көшіріп үлгерді.

 

- Әкімдікке барамын одан мәселем жылжымайды. Олар риэлторлық компаниямен келісімшарт жасаған. Мен көшуге қарсы емеспін. Бір ұсынысым жалдамалы пәтер осы ауданнан болса екен. Себебі менің жалақым 38 мың теңгені құрайды. 3 баламды таксимен күнде апаруға шамам жетпейді. Үйдегі барлық көршілерім қоныс аударып кеткен. Бос тұрған үйлерде қаңғыбас пен нашақорлар жиналады. Балалардың қауіпсіздігіне алаңдаймын, - дейді Расковой көшесіндегі №3-үйдің тұрғыны Ирина Климова.

 

Ирина Климова үйдің бұзылуына қарсы емеспін дейді. Шенеуніктердің бастамасы болғандықтан, олар уақытша баспанамен қамтамасыз ету қажет деген ойын білдірді. Осы ауданнан жалдамалы пәтер тауып берсе, деген ұсынысын айтты. Қала әкімдігінде мәселені зерттеуде. Оған дейін 3 баласы бар әйел ескі үйін қаңғыбастармен бөлісуге мәжбүр.